• Официальный сайт

    ГККП “Актюбинский

    музыкальный колледж

    им А. Жубанова"

  • «Доңызтау өңірінің дәстүрлі музыкалық мұрасы» атты кітабының тұсаукесері

    Доңызтау өңірі Ақтөбе облысы бойынша ерекше аймақтардың бірі болып саналады. Кеңес дәуірі кезінде бұл өңір көпшіліктің назарынан елеусіз, тыс қалып, музыка зерттеушілердіің қаламына аса ілінбей қалуының өз себептері болатын. Бір жағы, жол шалғайлығы болса, екінші жағынан, Доңызтау өңірінің кеңес үкіметі кезінде әскери полигонға айналуы еді. Кеңес үкіметі Доңызтау өңірін мекендеген көпшілік халықты, олардың қарсылығына қарамастан, Оймауыт және де басқа совхоздарға көшіріп жібереді. Доңызтау өңіріндегі көптеген елді мекендер жойылып, олардың көпшілігі картаға да түспей қалады. Кеңес дәуірінің қатігез саясатының салдарынан түгел бір аймақ өнері елеусіз, әндері мен күйлері зерттелмей қалады.

    Жайлау Асылханов Ақтөбе өңірінен шыққан тума талант иесі. Оның қазақтың музыкалық – тарихи мұрасына қосқан үлесі орасан зор. Атап айтар болсақ, өзіміздің жерлесіміз, күйші – композитор Қазанғап атамыздың күйшілік мұрасын зерттеп, қазіргі таңда күйлерін нотаға түсіріп, өнерін насихаттап жүрген зерттеушілердің бірі.

    Жайлау Асылхановтың «Доңызтау өңірінің дәстүрлі музыкалық мұрасы» атты еңбегі осы бір олқылықтың орнын толтыруға арналған алғашқы еңбектердің бірі деп айтуға болады. Бір жағынан, Жайлау Асылханов – сол мекенде туып, сол топырақты басып, көптеген әнші – күйшілерді жастайынан көзі көріп, құлағымен естіп өскен өнерпаз. Атақты күйші, Қазанғаптың замандасы әрі өнердегі серігі, Қоңыратта Әзберген хан ұйымдастырған күй сайысына қатынасқан Мәңке Дағарұлы Жайлаудың тікелей атасы болып келеді.

    Академик Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» атты кітабында

    («Жазушы» баспасы, 1975 жыл) Қазанғап Тілепбергенұлы туралы жазған мақаласында: «Алдымен ол Доңызтау – Аққолқада тұратын атақты Төреш күйшінің ауылына бұрды аттың басын, Қазанғап Төрештің үйінде аунап-қунап бір айдай жатып, өз өнерін көрсетумен бірге, отағасыдан бірнеше күй үйреніп алды… Төрештен ол «Нар иген», «Қызыл қайың», «Мамыт» күйлерін үйреніп алды. Төреш «Ақжелеңнің» бірнеше түрін тартқан. Оның ішінде біреуі өзінікі болып шықты», – деп жазады.

             Жайлау Асылхановтың айтуы бойынша мектепте оқып жүргенде Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» атты кітабын анасы туған күніне сыйлаған екен. Ол кітаптың ішінде күйші Қазанғап туралы жазылған. Ұлы тұлға Доғызтау өңірінен шыққан Төреш атты күйшіге барып, батасын алған. Ж.Асылханов осы жайттарға қызығушылық танытып, колледж қабырғасында оқып жүргенде шежіре және үлкен аталарынан сұрастырып, іздестіріп, мағұлматтар алды. Оған шабыт берген А. Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» атты кітабы болатын. Кітаптың ішінде біраз нота жинағы бар. Ол күйлерді нотаға түсірген А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің жас ұстаздары М.Сапаров пен А.Жаншина.

             Ұсынылып отырған еңбек – Жайлау Асылхановтың көптеген жылдар бойғы ізденісінің нәтижесі. Әсіресе, Қазанғаптың дарынды шәкірттері болып саналатын Қонақбай және Тасыбай туралы тың деректер Жайлау Асылхановтың Қазанғаптануға қосқан үлесі деп айтуға болады. Сонымен қатар Нәжімедин Мәмбеталин, Қалдыбай Насырбайұлы, Садық Қабылұлы, Әлден Төлегенов, Әбдрашит Құлжанов, Құдайберген Тілеубаев сынды күйшілер және Сейіт ақын, Жангелді ақын, Ақбілек апа, Байсеңгір жырау мұраларын жинақтап, хаттау, ел арасынан Саяқ ата жырын тауып, оны жарыққа шығаруы – дәстүрлі өнерімізге қосылған жаңалық. Автордың кітапта аты аталған өнер иелерінің музыкалық шығармаларының ноталық жазбаларын ұсынуы да еңбек құндылығын арттыра түсері сөзсіз.

    Жайлау Асылхановтың ұсынылып отырған кітабы болашақ өнер зерттеушілерге, орындаушыларға, әнші, күйшілерге методикалық оқу құралы ретінде пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл еңбекті Доңызтау өңірінің музыкалық мұрасына арналған үлкен жұмыстың басы деп есептеймін. Осы ізденіс жолында Жайлау Асылхановқа үлкен шығармашылық табыстар тілеймін.  

    А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі, Халық аспаптар бөлімінің 4 курс студенті Кенжегалиева Айжан

    Дизайн и разработка Медиа-агентства "АктобеИНФО"